2015 жылғы 30 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы
№1126 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
Осы Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына, 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (ерекше бөлім), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұйымдар:
1) сенімгерлік басқару - сенімгер басқарушының сенімгерлік басқару шартында белгіленген өкілеттіктер шегінде өзінің иеленуіне, пайдалануына жэне билік етуіне берілген мемлекеттік қызметшінің мүлкін мемлекеттік қызметшінің мүддесі немесе ол көрсеткен басқа адамның (пайда алушының) мүддесі үшін өз атынан жүзеге асыратын басқару жөніндегі қызметі;
2) сенімгер басқарушы - тиісті шарттың негізінде мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің таңдауы бойынша кез келген адам.
2. Мемлекеттік қызметші заңнама талаптарын ескере отырып, өз қалауы бойынша сенімгерлік басқарушыға берілетін құқықтылықтар көлемін айқындайды.
3. Мемлекеттік қызметшінің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар.
2. Мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібі
4. Мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқару:
1) мәміле;
2) әкімшілік актінің негізінде туындайды (белгіленеді).
5. Мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскеннен кейін бір ай Ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті атқару уақытында сенімгерлік басқаруға береді.
6. Мемлекеттік қызметші мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) береді.
7. Тараптардың біреуі мүлікті сенімгерлік басқару шартын бұзған жағдайда, мемлекеттік қызметші бүл туралы жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) бір ай мерзімде хабардар етеді, ал сенімгерлік басқаруға беруге жататын мүлік шарт бұзылғаннан кейін бір ай мерзімде осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен шарттың нотариат куәландырған көшірмесін жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) бере отырып, қайтадан сенімгерлік басқаруға беріледі.
8. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты міндеттемелерді тоқтатудың жалпы негіздерімен қатар:
1) сенімгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлді деп жариялағанда, оны әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенімгер басқарушы таратылғанда;
2) сенім білдірілген мүлікті басқаруды жеке жүзеге асыру сенімгерлікпен басқарушы үшін мүмкін болмауына байланысты сенімгер басқарушы немесе мемлекеттік қызметші бас тартқанда;
3) сенімгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда мемлекеттік қызметші шартты орындаудан бас тартқанда;
4) егер шартта көзделсе, кепіл ауыртпалығымен берілген мүлікті сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенімгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.
9. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қолданылуының тоқтатылуы немесе қайта жасалуы туралы кез келген кейінгі ақпаратты мемлекеттік қызметші көрсетілген оқиғалар басталғаннан кейін он күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынады.
Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қайтадан жасалған кезде оның нотариат куәландырған көшірмесі осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) беріледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы
№1126 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 20 қаңтардағы № 99 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 3, 38-құжат).
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 20 қаңтардағы № 99 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 27 маусымдағы № 958 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 27, 321-құжат).
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 наурыздағы № 283 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 16, 149-құжат).
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 20 қаңтардағы № 99 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 508 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 38, 460-құжат).